Білім

Ең жас «Үздік педагог»

Мектеп — білім беру саласының алғашқы баспалдағы. «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім — мектептің жүрегі», — дейді ағартушы-ұстаз Ыбырай Алтынсарин. Қанша ғасырды артқа тастап, бүгінгі таңда ғылыми технология мен ақпараттық кеңістіктің әлеуеті жоғары болған қоғамда ұстаздың дәрежесі әлі де биік.

«Нұр Ақтөбе» ықшам ауданындағы №60 жалпы білім беретін орта мектеп бұдан бес жыл бұрын алғаш рет есігін шәкірттеріне айқара ашқан болатын. Бес жыл ішінде білім ордасы білім кеңістігінің сан-салалы өзгерістері мен бастамаларына араласып, қарқынды жұмыс жасап келеді. Білім мен ғылымның қасиетті қара шаңырағында қайырымды, кішіпейілдік қасиеті бар, ұлттық санасы қалыптасқан жеке тұлға тәрбиелеу үшін мектеп барлық саланы бірге дамытуды қолға алған.

29 қыркүйек күні Қостанай қаласында өткен Қазақстан Республикасының үздік педагогтерін марапаттау рәсімінде ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағанбетов «Үздік педагог 2021» атағын және 2 917 000 теңге көлеміндегі сертификатты біздің мектебіміздің информатика пәнінің мұғалімі әрі директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Әбен Талғатқа табыстады.

Әбен Талғат С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университеті және Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде оқып, екі жоғары білім алған. Жас маман «Болашақ» колледжінде, №23 орта мектепте жұмыс істеді. 2014-2016 жылдары «Ақпараттық жүйелер» мамандығы бойынша магистратурада оқып, техника ғылымдарының магистрі атанады. 2018 жылы №60 орта мектебіне информатика пәні мұғалімі болып жұмысқа орналасты. Жалынды жас жаңа ұжымдағы әріптестерімен бірден араласып, көптеген істерге ұйытқы болып, өзін жақсы қырынан көрсете білді.

Жалпы, №60 орта мектебі аз жылдың ішінде талай жас маманның бағын ашты десек, қателеспейміз. Мұнда жастардың шығармашылықпен жұмыс істеуіне жағдай жасалған. Заманауи үлгідегі білім ордасында қызмет атқарып жүрген Әбен Талғаттың мектепте жасалған мүмкіндіктерді пайдалана отырып, «Оқуға құштар мектеп — оқуға құштар ұлт» жобасын жүзеге асыру мақсатында түсірген бейнетаныстырылымы көпшіліктің көңілінен шығып, жастарға үлгі болды.

Ұстаз деген ұлы атқа барлық мұғалім лайық бола бермейді. Себебі ұстаздық та —өнер, ол — тағылымы терең өнер. Ұстаздыққа да алдымен дарын керек, ал ол кез-келген адамға қона бермейді. Ұстаз жетістікке жетуі үшін табиғи дарынын ізгілікті ізденіс пен ерен еңбек арқылы шыңдап отыруы шарт. Мұны айтып отырғанымыз, бір емес бірнеше тілді қатар меңгерген жанға заман талабына сай үш тілде сабақ беру жүктелген кезде, еш қаймықпай қабыл алады. Қазіргі таңда шәкірттері информатика пәнін ағылшын тілінде оқып, әлемдік бәсекеде бақ сынауға дайындық үстінде.

«Ұстаз болу — өз уақытыңды аямай, өзгенің бақытын аялау» деп, Мұхтар Әуезов айтқандай, уақытпен санаспай балалардың болашағы үшін аянбай жұмыс жасап, тер төккен кейіпкеріміз — «Үздік сабақ 2018» байқауының, «Үздік педагог 2020» облыстық кезеңінің жеңімпазы. 2019 жылы облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің Алғыс хатымен,  2021 жылы Ақтөбе қаласы әкімінің Алғыс хатымен марапатталған. Ақтөбе облыстық ғылыми-тәжірибелік орталығының Алғыс хатын, «XXI ғасыр педагогі» үштілді білім беру сертификатын, «Аймақты инновациялық дамытуды басқару» халықаралық тәжірибе алмасу сертификатын иеленген. Сондай-ақ Ақтөбе қаласының әкімдігі ұйымдастырған «Ақтөбе дарыны- 2019» жастар байқауының лауреаты атанды, «Birgemiz: BILIM» жалпыұлттық жобасына белсене қатысқаны үшін, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Алғыс хатымен марапатталды. «Халықаралық педагогикалық шығармашылық пен ғылымды қолдау қоры» қоғамдық қорының мүшесі және информатика пәні мұғалімдері арасында өткен пәндік олимпиадалардың, соның ішінде орыс, ағылшын тілдерінде өткен олимпиадалардың жеңімпазы. Оқушыларының білім сапасы жоғары. Үштілді заман талабынан қалыспай, өз қатарластарына үлгі болып жүрген әріптесімізді мақтан тұтамыз.

Әбен Талғат жас та болса, ұлағатты ұстаз. Сонымен қатар ол — үлгілі жар, асқар тау әке. Өзі отбасында баланың кенжесі болғанымен, білімнен кенже қалып көрген емес, әрдайым ізденісте жүреді, кейде тіпті жасы үлкен ұстаздардың одан үйренер тұсы көп. Әріптесіміздің тәуелсіз еліміздің білім саласының өркендеуі жолында әлі талай бастамалар мен игі істерге ұйытқы боларына сенеміз.

Базаркүл Қанаева,

қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button